Ссылки доступа

Ауғанстанда шиіттерге жасалған шабуылдарға қарсы шеру өтті


Ауғанстанда сейсенбі күні жүздеген шиіт мұсылман елдегі радикалдық топтардың шабуылдарына қарсы шеруге қатысты.

"Ауғанстан жауларына өлім!" деп ұрандатқан шерушілер Герат қаласындағы провинция губернаторының әкімшілік ғимаратының алдына жиналды. Олар қолдарына радикалдық топтардың шабуылдарынан қаза тапқандардың суреттерін ұстап шықты.

Иранмен шекаралас Герат провинциясында соңғы бірнеше айда шиіт мешіттеріне шабуылдар жиілеп кеткен. 1 қаңтарда мешіт қызметкері қаза тапты, тағы бес адам жараланды. "Қауіп күшейді. Біз үкіметтің қорғағанын қалаймыз", - деді шеруге қатысушылардың бірі.

Бір жыл бұрын "Ислам мемлекеті" радикалдық тобының содырлары Ауғанстанның шығысында Пәкістанмен шекаралас провинцияларда әрекет етті. Ауғанстан билігінің мәліметі бойынша, содан бері содырлар ықпал ету аймағын кеңейткен.

Ауғанстанның терроризммен күрес департаментінің басшысы Наджибулла Манидің айтуынша, қазіргі таңда ИМ содырлары Ауғанстанның 34 провинциясының кем дегенде 11-інде белсенді әрекет етіп жүр. Былтыр шілдеде ИМ содырлары Кабулдегі шиіт қауымдастығына шабуыл жасады. Соның салдарынан 80-нен астам адам қаза тауып, 130-ы жараланды.

XS
SM
MD
LG