Ссылки доступа

АҚШ сенатында ресейлік кибер шабуыл жөнінде тыңдау өтті


Барлау қызметінің өкілдері АҚШ сенатындағы тыңдау кезінде Ресейдің АҚШ Демократиялық партиясының серверлеріне және Хиллари Клинтон мен кеңесшісі Джон Подестаның электронды хаттарына кибер шабуыл жасау мүмкіндігінің өте жоғары екенін растады.

Қарулы күштер жөніндегі сенат комитетінің басшысы Джон Маккейн Ресейдің кибер шабуылға қатысы бары жөніндегі америкалық арнайы қызметтің мәліметтері Дональд Трамп жеңген президент сайлауының нәтижесіне күдік туғызбайды деді.

АҚШ Ұлттық барлау қызметінің директоры Джеймс Клэппер ресейлік хакерлердің сайлау процесіне араласқаны жөнінде баяндама жасады. Ол баяндамаға қосымаша мәліметтерді президент те алады деді. Құжатта мәліметтер мемлекеттік құпия болғандықтан ашық жарияланбайтынын, бірақ дәлелдер келтірілетіні айтылған. Клэппердің сөздерінше, хакерлік шабуылға Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары тікелей тапсырма берген. Бірақ ол нақты адамдардың аты-жөндерін жарияламады.

Маккейн Ресей таратып жатқан жалған мәліметтерге қарсы күрес шараларын әзірлеуге және кибер қауіпсіздікке қатысты бағдарлама жасауға шақырды. Сенатор АҚШ-қа қарсы кибер шабуылдаушылар ретінде Ресей, Қытай және Солтүстік Кореяны атады.

Барлау қызметінің басшысы кибер шабуыл арқылы Мәскеу сайлауға араласып ғана қоймай, АҚШ пен Еуропа арасындағы қарым-қатынасты бұзғысы келді дейді. Оның сөздерінше, НАТО аясында ресейлік кибершабуылға қарсы тұру жөніндегі ынтымақтастықты әзірге көңілге қонымды деп айтуға болмайды.

XS
SM
MD
LG