Ссылки доступа

Трамп инаугурация күні бірнеше жарлыққа қол қоймақшы


АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп 20 қаңтарда инаугурация күні бірнеше жарлыққа қол қоймақшы. Оның ішінде Ақ үйден кетіп бара жатқан Барак Обаманың жарлықтарының күші жойылмақ. Осылай деп Трамптың баспасөз хатшысы Шон Спайсер мәлімдеді.

Трамп президенттігінің бірінші күні былтыр ақпан айында қол қойылған Еркін сауда аймағы жөніндегі Транстынықмұхит серіктестігі келісімінің күшін жоймақ. Ол сонымен бірге миграцияны шектеп, Мексикамен арадағы шекараға үлкен дуал тұрғызбақ.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Трамп 200-ге жуық жарлыққа қол қоймақшы. Бірінші жұмыс күні ол жарлықтардың маңызды дегенін қарамақ. Сенбі күні Трамп Орталық барлау басқармасының штаб-пәтеріне бармақшы. Ол осыған дейін бұл мекемені бірнеше рет сынға алған.

Трамптың және вице-президент Майк Пенстің инаугурациясы 20 қаңтарда Вашингтонда өтеді. Астанада қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген. Құрама Штаттардың көптеген қалаларында жаңа президентке қарсы наразылық шаралары өтпекші.

XS
SM
MD
LG