Ссылки доступа

Киев соты Татьяна Каримованың туысының қамау мерзімін ұзартты


Киев соты Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың әйелінің туысы Акбарали Абдуллаевты қамау мерзімін бір жылға дейін ұзарту туралы шешім шығарды. Акбарали Абдуллаев 14 қаңтарда Киев әуежайында ұсталып, 22 ақпанға дейін қамауға алынған болатын. Өзбекстан билігі Украинаға оны Ташкентке экстрадициялау туралы сұраныс жіберген. 20 ақпанда оны Киевтегі тергеу изоляторынан Украина ұлттық қауіпсіздік қызметінің изоляторына ауыстырғаны белгілі болды.

Өзбекстан бас прокуратурасы бұрынғы президент Ислам Каримовтың әйелі Татьяна Каримованың 33 жастағы немере інісі Акбарали Абдуллаевты қызметін асыра пайдаланып, экономикалық қылмыстар жасады деп айыптайды.

Абдуллаевты қамауда ұстауды ұзартуға Киев прокуратурасының талабы себеп болған. Прокурор Марина Ким Абдуллаевты қамауда ұстауға немесе экстрадициялауға оның денсаулығы кедергі жасамайтынын айтты. Оның сөзінше, Киев прокуратурасы Абдуллаевта Доминикан Республикасының төлқұжаты болуына байланысты оның Украинадан шығып кетпейтініне кепілдік бере алмайды.
Соттан өз ісіне "барынша кең ауқымды қарауды» сұраған Абдуллаев егер Өзбекстанға экстрадицияланса, өзін "өлім күтіп тұрғанын" айтады.

"Егер мен Өзбекстанға барсам, мені өлтіреді. Жүз пайыз. Бірақ мені жылдам өлтіре салса, көнетін едім. Олар мені алдымен әбден азаптап, сонан соң өлтіреді. Өлігім зонадан шығады. Мен ондай азаптарды бұрын көргенмін" деді сотта Абдуллаев. Айыпталушы саяси баспана алу үшін күресуге дайын екенін, қамауда ұстау ондай мүмкіндіктен айыратынын айтып, судьядан өзін үй қамаққа алуын сұрады.

Судья Наталья Васильева адвокаттардың Абдуллаевтың екі жарым жыл осындай айыптаулармен түрмеде отырғанын айтып, үй қамаққа алу жөніндегі өтініштерін ескермеді. Бұдан тыс, судья адвокаттардың егер Абдуллаев Өзбекстанға экстрадицияланса, ол жақта оны өлтіруі мүмкін деген уәждеріне де мән бермеді. Судья прокурорға әр екі айда экстрадициялауға қатысты жұмыстардың барысы туралы есеп беріп отыруын тапсырды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

XS
SM
MD
LG