Ссылки доступа

БАҚ думаның экс-депутаты Ворненковті өлтіруі мүмкін адам жөнінде мәлімет берді


Украинаның "Обозреватель" басылымы Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Денис Вороненковті өлтіруі мүмкін деген адам туралы мәлімет жариялады. Оның аты-жөні Павел Паршов. Бірақ бұл ақпарат ресми нақтыланбаған.

Паршовтың аты-жөні Украина ІІМ-де іздеуде жүрген қылмыскерлер тізімінде бар. Ол жалған кәсіпкерлікпен айналысқан, қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырған деп айыпталады. Ол 2011 жылдан бері іздеуде жүр. Украина ІІМ мәліметіне қарағанда, Паршов 1988 жылы Днепропетровскіде (қазіргі Днепрде) туып өскен.

Осының алдында Вороненковті өлтірген Украина азаматы екені, одан Украинаның Ұлттық гвардиясы берген куәлік табылғаны жөнінде ақпарат тараған.

Ресей думасының бұрынғы депутаты Денис Вороненков 23 наурызда Киев орталығында қаза тапты. Шабуылдаушыны Вороненковтің оққағары жаралаған. Кейін ол ауруханада көз жұмған.

Украина президенті Петр Порошенко бұл оқиғаны "Ресей тарапынан жасалынған мемлекеттік терроризм" деп атады. Денис Вороненков былтыр күзде Украинаға көшіп барған. Желтоқсан айында ол Украина азаматтығын алған. Ол Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичке қарсы тергеу ісіне жауап беріп, сотта куәлік ететін болған.

XS
SM
MD
LG