Сирияда әскерде жүрген Вадим Костенконың қайтыс болғаны жөнінде 27 қазанда бірінші рет Conflict Intelligence Team (CIT) ресейлік блогерлер тобы мәлімдеген болатын. Олардың мәліметінше, 19 жастағы сарбаз 24 қазанда қайтыс болған. Дәл осы күні сириялық оппозиция Ресейдің Хмейм әуе базасына соққы жасамақ болған.
Кейінірек сарбаздың өлімі жайында Ресей қорғаныс министрлігі растады. Ресми хабар бойынша, ол өзіне қол жұмсаған. Оның өлімі жүрген қызымен байланысты болуы мүмкін деп тұжырым жасайды ресми тарап. Алайда Reuters агенттігіне сұхбат берген Вадим Костенконың ата-анасы ұлдары өзіне қол жұмсады дегенге сенбейді. Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаны жіті тексереміз деп уәде берген.