Ссылки доступа

Қазақстанда Ұлттық банктің жаңа төрағасы тағайындалды


Бүгін Қазақстанның ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов қызметінен кетіп, орнына президент әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісі Данияр Ақышев тағайындалды.

Қазақстан президентінің ресми сайтының хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Келімбетовті қызметінен алу туралы шешім қабылдап, парламент сенатына президенттің көмекшісі міндетін атқарушы Данияр Ақышевті ұлттық банк төрағасы етіп тағайындауға келісім беру туралы ұсыныс түсірген. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, сенат бүгін пленарлық отырысында президенттің бұл ұсынысын қолдаған.

37 жастағы Данияр Ақышев 2007 жылдан 2014 жылдың тамызына дейін ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ұлттық банктегі бұл қызметінен кеткеннен кейін Ақышев президент әкімшілігіндегі әлеуметтік-экономикалық мониторгинг бөлімі меңгерушісі болып, президенттің уақытша көмекшісі міндетін атқарған.

Назарбаев сенатқа жолдаған ұсынысында "Қазір [ұлттық] банкке және ұлттық валюта - теңгеге деген сенім азайды, бұған жол беруге болмайды. Елде теңге өтімділігінің тапшылығы сезіледі, экономиканы несиелеу көлемі төмендеді. Бұлар - төмен көрсеткіштер, оларды түзету үшін жұмыс істеу керек. Данияр Ақышевтың білімі мен тәжірибесі оған осы міндетті атқаруға септігін тигізетініне сенімдімін. Парламент сенатынан елдің қаржы жүйесінің игілігі үшін менің осы шешімімді қолдауды сұраймын" деген.

XS
SM
MD
LG