Ссылки доступа

Порошенко: Донбаста жағдай ушығып барады


​Украина президенті Петр Порошенко "Донбастағы жағдай ушыға түсіп, елдің қауіпсіздігі мен территориялық тұтастығына қауіп төндіріп отырғаны" туралы мәлімдеген.

11 қарашада Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің отырысында ол Донецк пен Луганск облыстарының кейбір бөліктеріндегі сепаратистердің "Минск бейбіт келісімін бұзу және саботаж арқылы украин әскерилерін арандату әрекеттері қауіпсіздікке қатер төндіретінін" айтты.

Сәрсенбі күні украин армиясының өкілі Андрей Лысенко Донецкіден 50 шақырым қашықтықтағы Гранитино елді мекенінде украин сарбазы қаза тапқанын хабарлады. Оның сөзінше, өткен тәуліктерде шағын калибрлі қарудан атылған оқтан бес украин сарбазы жараланған. Лысенко бұған қоса сепаратистер тарапынан бітім 21 рет бұзылғанын және оған украин тарапы қарсы оқ атқанын да айтты.

Екі тарап жалпы алғанда қазан айының басында қайта күшіне енген оқ атпау режимін сақтап отыр. Қақтығыс аймағынан ауыр қару-жарақ та әкетілген. Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Турчинов "Ресейдің басқыншы күштері бейбіт жоспардың іске асуына кедергі келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін істеп отыр... Олар әскери әрекеті кез-келген уақытта бастауы мүмкін" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG