Ссылки доступа

Арменияда конституцияны өзгертуді қолдап дауыс берді


Арменияның Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 6 желтоқсанда өткен конституцияға реформа жасау туралы референдумда сайлаушылар негізгі билікті президенттен парламентке өткізуді қолдағанын мәлімдеді.

ОСК 7 желтоқсанда таратқан хабарламасында берілген дауыстардың 93 пайызын санағандағы қорытынды бойынша, дауыс бергендердің 63,5 пайызы конституцияға өзгерістерді қолдағаны айтылады. Ол өзгерістерде, 2018 жылы президент Серж Саргсянның президенттік өкілеті аяқталған соң биліктің парламентке өтуі қарастырылған.

Арменияның оппозициялық топтары сайлаудың алдын ала нәтижелерін жалған деп, мойындаудан бас тартты. Оппозиция конституцияға реформа Серж Саргсянның билігін күшейтеді деп санайді.

Оппозиция Саргсян реформаны шын мәнінде 2018 жылы екінші әрі соңғы президенттік өкілеті аяқталған соң да билікте қала беру үшін жасамақ дейді. Оппозициялық топтар дауыс беру күні сайлау учаскелерінде кәдімгідей заң бұзушылықтар болды дейді.

Арменияның оппозицияшыл Армения ұлттық конгресі (АҰК) жетекшісі Левон Зурабян шын мәнінде армениялықтардың басым көпшілігі президенттің арнайы комиссиясы ұсынған конституцияға өзгерістерді "қолдамағанын" айтады. Ол сайлау учаскелерінен шығып жатқан ондаған сайлаушының "жоқ" деп дауыс бергені туралы айтқанын келтірді.

XS
SM
MD
LG