Ссылки доступа

БАҚ: Бірқатар ресейлік ЖОО түркиялық студенттерді оқудан шығарды


Түркиядан келген бірнеше студент МИФИ-дің Ұлттық ядролық зерттеу университетінен қуылған. Бұл туралы «Дождь» телеарнасына Ресейдегі түрік студенттері Қауымдастығының өкілі Окан Йылдыз хабарлады.

Оның сөзінше, полиция мен ФҚҚ МИФИ-дің Обнинскідегі Түркиядан келген студенттері тұратын жатақханада есірткі іздеп тінту жасаған. Ол сондай ақ, ресейлік арнайы қызмет өкілдерінің студенттерді терроризмді қолдады деп айыптағанын жеткізді.

Воронеж бен Саратовта оқитын түрік студенттері де Қауымдастыққа оқудан шығарылғандарын хабарлаған. Воронеж жоғары технологиялар институтының басшылығы оқудан «академиялық және қаржылық қарыздары» үшін шығарғандарын мәлімдеген.

Желтоқсанның 1-де білім және ғылым министрлігі академиялық студент алмасу бағдарламасымен Түркияда оқып жатқан студенттердің жақын уақытта Ресейге қайтарылатынын хабарлаған еді.

Мәскеу мен Анкараның қарым-қатынасы қарашаның 24-і күні түріктің жойғыш ұшақтары Сириядағы әскери операцияларға қатысып жатқан ресейлік Су-24 ұшағын атып түсірген соң шиеленісіп кетті. Ресей билігі Түркиядан келетін бірқатар тауарға тиым салды, түрік азаматтары үшін визасыз режимнің күшін жойды және Түркияға чартерлік рейстерді алып тастады.

XS
SM
MD
LG