Осымен бесінші рет беріліп отырған жүлдені ұсыну салтанаты 2015 жылдың 10 желтоқсанында британ парламентінің лордтар палатасында болды. Бұл жөнінде «Замандаш» ассоциациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Айтматов сыйлығының 2015 жылғы лауреаттары орыс тілі мен мәдениетін көп жылдардан бері әлемге насихаттап келе жатқаны үшін Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің профессоры Людмила Вербицкая мен қазақтың ойшылы әрі аудармашысы Шәкәрім Құдайбергеновті көп жылдардан бері шетелге насихаттап жүргені үшін Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің президенті, профессор Ерлан Сыдықов болды.
Сонымен бірге Айтматов сыйлығы түрік актері Кадир Инанирге, Шри Ланкалық аудармашы Чулананда Самаранаякке және Шыңғыс Айтматов шығармаларын жаңа грек тіліне аударған бір топ авторларға берілді.
Еске сала кетейік, Шыңғыс Айтматов сыйлығы 2011 жылы тағайындалған. Сыйлықты Лондонда құрылған Айтматов академиясы береді.