Бауыржан Байбек гүл шоқтарын бүгін елде тойланып жатқан Тәуелсіздік күнінің құрметіне қойғанын айтты. Жармахан Тұяқбай мен Жасарал Қуанышәлин бастаған азаматтық белсенділер алаңға 2011 жылы болған Жаңаөзен және 1986-шы жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғаларының боздақтарын еске алуға келгендерін мәлімдеді. Олардың Тәуелсіздік Монументіне қойған гүл шоқтарындағы жолақтарда: «Жаңаөзенге – 4 жыл» және «Желтоқсан – Жаңаөзен» деп жазылған.
Алматыдағы еске алу шарасына қатысу үшін Республика алаңына ондаған азаматтық белсенді жиналды. Оларды полиция сырттай бақылаумен болды.
Қазақстанда бүгін және ертең демалыс күні жарияланған, ел - тәуелсіздігінің 24 жылдығын мерекелеуде. 1986 жылы желтоқсанның 17-18-де кеңестік Қазақстан басшылығына Мәскеуден Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсы Алматыда студенттер мен жұмысшы жастардың наразылық толқуы болды. Алматыдағы шеру күшпен басып-жаншылды. 2011 жылы желтоқсанның 16-да Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында, мұнайшылардың көп айға созылған еңбек дауы оларға оқ атумен аяқталды. Жаңаөзендегі қанды оқиға кезінде ресми дерек бойынша, 16 адам қаза тауып, жүздегені жараланды.
Азаттықтың фоторепортажы: