Ссылки доступа

Ресей Қырғызстаннан қырғыз мандарині емес, қытайдікі келді дейді


Қытай тауарларын қырғыз өнімі есебінде елге заңсыз әкелу жаппай сипат алуда. Бұл туралы Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау Федералды қызметінің (Россельхознадзор) сайтында жарияланды.

Дерек бойынша, 2015 жылы желтоқсанның 11-де Қырғызстанның фитосанитарлық сертификатымен әкелінген 40 тонна мандаринді елге кіргізуге тиым салынды.

Тауардың қапталуы мен белгілену ерекшеліктері оның қытай мандарині екенін көрсетеді. Қырғыз фитосанитарлық сертификатындағы мәліметтер олардың шынайылығына күмән келтіреді.

Сертификатқа сәйкес, мәскеулік фирманың мекен-жайына жеткізілуге тиісті мандаринді Ростов-на-Донудағы өткізу бекеті арқылы кіргізу көзделген. Дегенмен, фитосанитарлық сертификаттағы белгіде Қазақстанның ауылшаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті өкілінің өнімді елге кіргізу туралы рұқсаты тұр.

Россельхознадзор бұл жағдай оларды өте алаңдатып отырғанын мәлімдеді, себебі фитосанитарлық талап тұрғысынан Қытай қауіпті ел саналады.

XS
SM
MD
LG