Ресей қорғаныс министрі Сергеу Шойгудің сөзіне сілтеме жасаған ресейлік және қазақстандық БАҚ «С-300 зениттік зымыран кешендерін Қазақстанға тегін беру ісі аяқталды» деп хабарлайды. Бірақ Қазақстанға «берілген» С-300 кешендері жауынгерлік кезекшілікке әлі кіріспеген болып шықты.
ТМД елдерінің біріккен әуе қорғанысы жүйесін құру келісіміне қарамастан, Ресей Қазақстанмен екіжақты негізде біртұтас әуе қорғанысы жүйесін құруға ұмтылып келеді. Ресей батысында Беларусьпен, оңтүстік-шығысында Қазақстанмен осындай жүйе құрды. Ал қазан айында Ресей үкіметі оңтүстік-батыс бағытында, яғни Кавказ аймағында әуе қорғанысы жүйесін құру жөніндегі Армениямен келісімді мақұлдады.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей енді Қырғызстан және Тәжікстанмен әуе қорғанысының біріккен жүйесін құруды жоспарлайды.