Бұл орайда Құрама Штаттар Солтүстік Кореяның сутегі бомбасын сынақтан өткізгенін дәлелдейтін айқын айғақ жоқ деп санайды.Ақ үйдің ресми өкілі Джошуа Эрнест алдын-ала мәліметтердің Пхенъянның шағын термоядролық заряд көмегімен жерасты жарылысын жасағаны туралы мәлімдемесіне күмән келтіретіні туралы мәлімдеді. Дегенмен Эрнест кез-келген ядролық сынақтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған қарарды "ашықтан-ашық және арандатушылық түрде" бұзу боп танылатынын ескертті.
Жабық есік жағдайында өткен шұғыл жиналыстан соң, Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы - уругвайлық дипломат Эльбио Росселли Солтүстік Кореяға қарсы санкциялардың күшеюі мүмкін екенін хабарлады. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун КХДР-дың төртінші мәрте сынақ өткізуі мүмкін екені туралы жаңалықты "терең алаңдаушылық тудыратын " және "аймақтағы қауіпсіздікті едәуір шайқалтатын" жағдай есебінде қабылдайтынын жеткізді. Жапония СІМ басшысы Фумио Кисида КХДР-ға қатысты жаңа қатаң қарарды тезірек қабылдауға шақырды.