Шешенстан парламентінің жетекшісі Магомед Даудов Рамзан Қадыровтың Тарзан есімді овчарка тұқымдас итіне арнаған «инстаграмдағы» жазбасында ресейлік оппозиция өкілдеріне тағы да қоқан-лоқы жасады. Даудов жазбасында Тарзанның «иттердің шетелдік тұқымдарын ұнатпайтынын», әсіресе «бұған дейін иесінің қатаң бақылауымен қарғыбауда отырғандарды» өлердей жек көретінін келтірген.
Даудовтың сөзінше, Тарзанның «пикинез Каляпаға» (түпнұсқаның орфографиясы) «такса Веняға», «тұқымы азған төбет Пономарьға» және «Яшка қанденге» айрықша «тісін қайрап жүр». Сөзінің соңында Даудов Тарзанның «шыдамды» ит екенін, алайда соңғы кездері оны қарғыбауда «әзер ұстап отырғандарын» жазады.
Мұның алдында Даудов "Грозный-Информ" ақпарат агенттігі арқылы «Дождь» телеарнасы мен «Эхо Москвы» радиосын «бесінші колонияның штаб-пәтері» ретінде бағалап, ресейлік оппозицияны ұлтаралық араздық тудырды деп айыптаған еді.
Даудов осылайша ресейлік оппозиция өкілдері мен азаматтық белсенділерді «сатқындар» және «халық жауы» деп атап, оларды жазалауға шақырған Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа қолдау білдірді.