Ссылки доступа

Леонардо Ди Каприо қоры қорғап жүрген барыс өлтірілді


Қырғызстан тұрғындары Қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін әрі жоғалып бара жатқан және танымал голливуд жұлдызының қоры қорғауына алған барыстың өліміне наразылық танытты.

Барысты атқан 48 жастағы аңшыны полиция қолға түсірген. Ыстықкөл облысының тұрғыны Асқарбек Каранаевтан сирек кездесетін аңның терісі мен аңшы карабині тәркіленді.

Каранаев барысты қасқырмен шатастырып алып, байқамай атып алғанын айтады. Бірақ әлеуметтік желі қолданушылары оның сөзіне сенбейді, айтуларынша аңшы жануарды атып алған жерлерде қасқыр жүрмейді.

Қырғызстан ІІМ заңсыз аң аулауға қатысты аңшының үстінен қылмыстық іс қозғады. Сот оны кінәлі деп тапса, айыпталушы жарты миллион сом ($6 500) айыппұл төлеуі немесе 2 жылға дейін түрмеге отыруы мүмкін. Бірақ интернет қауымдастығының өкілдері сирек кездесетін аңның өлімі үшін екі жылды аз деп санап, мұндай қылмысқа берілетін жазаны күшейтуді талап етуде.

Кей санақ бойынша, Қырғызстанда қар барысының небары 200 шақты түрі қалған. Елде осы жануарды сақтап қалуға арналған бірқатар халықаралық жоба жұмыс істейді. Оның бірнешесін танымал голливуд актері Леонардо Ди Каприоның қоры қаржыландырады.

XS
SM
MD
LG