Ссылки доступа

Қытайда өлім жазасына кесілген жанның денесі отанына жеткізілді


Бүгін заңсыз есірткі сатуымен айналысты деген айыппен қытай билігі өлім жазасына кескен тәжік кәсіпкері Хасан Юсуфовтың мәйіті Үрімшіден Душанбеге әкелінді.

Марқұмның бауыры, Баходур Юсуфов қытай билік орындары әдетте өлген адамның денесін туыстарына бермейтінін, «алайда Тәжікстанның Қытайдағы елшілігінің араласуымен, өздеріне ерекше жағдайда мұрсат берілгенін» айтты.

Қытай соты есірткі сатқаны үшін өлім жазасына кескен 51 жастағы Тәжікстан азаматы 28 қаңтарда өлтірілген еді. Жазаны жеңілдетуге тырысқан тәжік дипломаттарының барлық әрекеті нәтижесіз аяқталды.

Юсуфов Қытайдан Тәжікстанға тауар тасымалдаумен айналысқан. Бес жыл бұрын ол Қытайдың Үрімші қаласында есірткі контрабандасымен айналысты деген айыппен ұсталған еді.

Тәжік билігінің дерегінше, қазіргі таңда Тәжікстанның 16 азаматы, оның ішінде 9 ер мен 7 әйел қытай түрмелерінде отыр. Былтыр мамыр айында Тәжікстанның Бас прокуроры Юсуф Рахмон Қытайда сотталғандардың ішінде үш әйел мен бір ер адамның өлім жазасына кесілгенін, бесеуінің өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын, қалғандарының түрлі мерзімге сотталғанын мәлімдеген болатын.

XS
SM
MD
LG