Ссылки доступа

АҚШ барлауы: ИМ содырлары саны күрт азайды


Сирия мен Иракта соғысып жатқан "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырларының саны соңғы уақытта 31 мыңнан 25 мыңға дейін азайды деп мәлімдеді АҚШ арнайы қызметінің баяндамасын жариялаған Ақ үй баспасөз хатшысы Джош Эрнест.

Сириядағы содырлар санының азаюына олардың әскери шығындарға ұшырауы және ИМ сапынан қашу себеп болған. Барлау қызметінің есебінше, бұл мәліметтер АҚШ бастаған халықаралық коалицияның әскери операциялары, оның ішінде құрлықтағы іс-қимылдары нәтиже беріп жатқанын көрсетеді.

Эрнест ИМ-ге қарсы АҚШ серіктестерінің қатарында Ирак қарулы күштерін, Ирактағы түрлі діни және этникалық топтардан құралған көтерілісшілерді және Сириядағы қалыпты оппозицияшыл отрядтарды атады. Әуе шабуылдары кезінде одақтастар авиациясы содырларға он мыңнан астам соққы жасаған.

"Халықаралық қауымдастықтың қауіпті содырларды қолға түсіруде жасап жатқан шаралары ИМ-ге қосылатын шетелдіктер санының азаюына әкеліп соқтырады" деді Джош Эрнест.

Барлау қызметінің мәліметінше, Ирак пен Сириядағы ИМ қатарын кәдімгідей толықтыратын Солтүстік Африкадан шыққан содырлар ИМ басшылығының үндеуіне мойынсұнып, Ливияға аттанған.

Барлау қызметі баяндамаға Оңтүстік Азияда немесе Таяу Шығыстың басқада аймақтарында соғысып жатқан ИМ содырлары туралы мәліметтер қосылмағанын айтады.

XS
SM
MD
LG