Ссылки доступа

Өзбекстанның Жазушылар одағы "тиімсіз" мүшелерінен арылды


Өзбекстанның Жазушылар одағы құрамынан 26 жазушы мен ақынды тәуелсіздіктің қалыптасуына ат салыспағандықтары үшін мүшеліктен шығарып тастаған.

Жазушылар одағының сарапшылар кеңесінің шешімінде мүше болудың сапасы Ислам Каримовтың "Әдебиетке деген көзқарас — рухани өмір мен болашаққа деген көзқарас" деген жолдауы негізінде қаралғаны айтылған. Онда бұдан былай Жазушылар одағына тек ғана қоғамның алдында өзін жауапты сезінетін жанкешті адамдар ғана мүше бола алады делінген.

Жазушылар одағы құрамынан шығарылған шығармашылық тұлғалардың ішінде Хуршид Даврон секілді Өзбекстанның халық ақыны, Саломат Вафо секілді жазушы, Нортухта Кылыч, Хамракул Аскар және Сулаймон Рахмон секілді ақындар бар. Сонымен бірге тізімнен шығарылғандардың ішінде Мамадали Махмудов (Эврил Турон) пен Мухаммад Салих секілді шетелде тұратын диссидент жазушылар бар. Мұнан өзге оппозициялық көзқарастары үшін елден қуылған Батыр Норбой, Ядгар Абид және Юсуф Джума секілді жазушылар бар.

Мүшелік билеттен айырылған ақын, жазушылар биліктің бұл әрекетінің өздері үшін абырой санайтындықтарын айтады. Қазіргі жүйенің қаруы болғанша, билетсіз жүрген әлдеқайда дұрыс дейді.

— Шығармашылық орталықты шынайы ақындар мен жазушылар ғана жасайды. Біздің уақытта шығармашылық өмір қайнап жатты. Қазір өлі тыныштық. Шындықты айтатын жазушыларға әр заманда қиын болған. Сол себептен мені Жазушылар одағынан шығарып тастағаны үшін тек ғана риза екенімді жеткіземін, - деп түсініктеме берді жазушы Мамадали Махмудов.

XS
SM
MD
LG