Ссылки доступа

Швецияда өзбек азаматы Каримовтың басты қарсыласын өлтірмек болғаны үшін өмір бойына сотталды


Швецияның Сундсвалль қаласының апелляциялық соты имам Обидхон Назаровты 2012 жылы өлтірмек болғаны үшін Өзбекстан азаматы Юрий Жуковскийді өмір бойына түрмеге қамау жазасын кесті.

Бастапқыда президент Ислам Каримовтың режимін сынайтын имамды өлтірмек болғаны үшін кінәлі деп танылған Жуковский 18 жылға сотталған еді.

Өзіне жасалған қастандықтан кейін Назаров ес-түссіз жатты. Швецияның солтүстігіндегі Стромсунд қаласында имамға шабуыл жасаған адам оған қарата үш мәрте оқ атқан. Имам Назаровтың туыстары оның бастан ауыр жарақат алғанын, ми қызметінің бұзылғанын аййтқан.

Жуковский Швецияға Ресейден 25 тамызда алдырылған. 1990-шы жылдары Орталық Азиядағы ең танымал имамдар қатарында болған Назаровқа 2006 жылы Швеция саяси баспана берген.

Назаров діни экстремизмнен қорқатын Каримов билігі үшін қауіпті қарсыласқа айналды. 1998 жылы билік Назаровты діни экстремизм және терроризмге қатысы бар деген айыппен қамамақ болғанда ол елден кетіп үлгереді. Ташкент күні бүгінге дейін Назаровты өзіне беруді талап етіп отыр. Оны Ташкенттегі үкімет үйінің қасында 1996 жылдың 16 ақпанында болған жарылыстарға қатысы бар деп айыптайды.

XS
SM
MD
LG