Ссылки доступа

Өзбек әйелді қаққан танымал актер қашып кеткен


Мәскеуде 54 жастағы Өзбекстан азаматшасын көлігімен қаққан актер Валерий Николаев оқиға орнынан кетіп қалған.

Оқиға 25 ақпанда Мәскеудің ортасында, Чистопрудный бульварындағы жүргіншілер жолында болған. 50 жастағы актер көлігінен шықпастан, алғашқы көмек көрсетпей және жедел жәрдем шақырмастан жол-көлік апаты болған жерден кетіп қалған.

Өзбекстан азаматшасы Дильяра Нурзуллаеваның үш қабырғасы сынған. Қатты соққыдан еті ауырып қалған және ауыр соққыдан миы шайқалған деген күдік бар. Қазір әйел үйінде емделуде.

Валерий Николаевты полиция қызметкерлері Мәскеу орталығында ол көлігімен тротуарға шығып кетіп, бірнеше көлікті зақымдағаннан кейін тоқтатқан. Ол әйелді қағып кеткен соң бір тәулік бойы іздеуде болды.

Сот Николаевты "Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін" 10 тәулікке қамаған.

Алайда актер сот залынан шешім шыққанға дейін қашып кеткен. Бірақ 27 ақпанда полиция қызметкерлері Валерий Николаевты қайтадан ұстады. Кінәсі дәлелденген жағдайда ресейлік сериалдардың жұлдызы 10 жылға сотталуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG