Ссылки доступа

ИМ террорлық тобының "қорғаныс министрі" қаза болды деген хабар тарады


ИМ террорлық тобының жоғары шенді командирлерінің бірі Умар аш-Шушани сарбаздарымен бірге Сирияның солтүстік-шығысында америкалық ұшақтардың әуе соққысына ұшыраған.

Бейресми дерек бойынша, ИМ-нің "қорғаныс министрі" саналатын аш-Шушанимен бірге 12 содырдың көзі жойылған. Пентагонның баспасөз хатшысы аш-Шушаниды Ирак пен Сириядағы әскери ұрыстардан мол тәірибе жинақтаған, "соғыстың сынынан өткен қолбасшы" ретінде атады. Соңғы кездері ол Сирияның солтүстігіндегі ИМ содырларының әскери іс-қимылдарына басшылық жасады деген ақпарат бар. Оның есімі террорлық ұйымдағы ең қауіпті содырлардың тізіміне кіреді. Оны ұстауға немесе көзін жоюға көмектесетін мәлімет берген жанға 5 миллион доллар сыйақы тағайындалған.

Грузияның 30 жастағы тумасы Аш-Шушани сонымен бірге "Омар шешен" деген атпен де белгілі. Оның шын аты - Тархан Батирашвили. Бұл адамның өлімі туралы ақпарат бірінші рет тарап отырған жоқ. Пентагон өкілі бұл жолы оның өлімі расталса, "бұл жағдай ИМ-ге шетелден, әсіресе Шешенстан мен Кавказ өңірінен содырларды тарту жағын қиындататынын және ИМ-нің Сириядағы Ракка, Ирактағы Мосул қалаларындағы шабуылдары мен қорғанысын үйлестірудегі мүмкіндіктерін күрт нашарлататынын" мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG