Ссылки доступа

Грозныйда құқық қорғаушы соққыға жығылды


Ресейде танымал құқық қорғаушылардың біріне Шешенстан астанасында бетперде киген бір топ адам шабуыл жасады. Олар жәбірленушіге жұмыртқа лақтырып, ұрып-соғып, бояу шашқан және торт лақтырып кеткен. Бұған дейін белсендіні Грозныйдағы қонақүйден шығарып жіберген.

Азаптаулардың алдын алу жөніндегі Комитетті басқаратын Игорь Каляпин Шешенстанға 1996 жылы ресейлік әскерге қарсы соғысты деп айыпталған екі украиндықтың үстінен басталған сот отырысына бақылаушы ретінде қатысуға келген.

16 наурыз күні кешкісін қарулы адамдармен келген қонақүй әкімшісі Каляпиннен қонақүйден кетуді талап етеді. Көшеге шыққанда оны 15 шақты бетперде киген адамдар шабуылдаған. Centralasian.org тілшісінің хабарлауынша, Каляпинге жұмыртқа, бояу және торт лақтырған соң, бірнеше рет ұрған. Жәбірленуші қатты жарақат алмаған.

Бұл оқиғадан бір апта бұрын азаптаулардың алдын алу жөніндегі Комитеттің Грозныйға бара жатқан микроавтобусына шабуыл жасалған. Пышақ және сойылмен қаруланған белгісіз қылмыскерлер микроавтобуста отырған журналистердің құралдарының бірін сындырып, кейбірін ұрлап кеткен.

XS
SM
MD
LG