Ссылки доступа

Надежда Савченко үкімді мойындауға ниетті емес


Ростов облысы Донецк қалалық сотында украин ұшқышы Надежда Савченкоға қатысты сот үкімі оқыла бастады. Оған 2014 жылы Луганск түбінде қайтыс болған екі орыс журналисінің өліміне кінәлі деп айып тағылып отыр.

Айыптау қорытындысын оқыған сот коллегиясы төрағасы Леонид Степаненко "Савченко жек көру және жаулық ниетпен бір топ адаммен бірлесе отырып Корнелюк пен Волошинды өлтірген, Ресей шекарасын заңсыз кесіп өткен" деп мәлімдеді.

Үкімді оқу екі күнге созылып, сот жазаны содан кейін ғана жариялайтыны хабарланды. Бұған дейін прокуратура Савченконы 23 жылға соттауды, ал адвокаттар оны толық ақтауды сұраған.

Украиналық ұшқыш Надежда Савченко 2014 жылы маусымда Украинаның шығысында ұсталып, Ресейге жіберілген. Оған ресейлік журналистер Игорь Корнелюк пен Антон Волошиннің қазасына қатысты айып тағылған. Ресей тарабы "Савченко журналистердің қай жерде екенін анықтап, артиллеристерге олардың тұрағын көрсеткен" дейді. Бірақ Савченко ол айыпты мойындамайды.

21 наурызда сот залына барлық журналистерді кіргізіп, тек Украинадан келген журналистерді кіргізбеді. Ресей сонымен бірге Украинаның Донецк мен Луганск облысындағы жағдайды бейбіт реттеу жөніндегі өкілетті президенті Ирина Геращенконы да жібермеді.

XS
SM
MD
LG