Еңбек мигранттары жолдайтын қаржы көлемінің азаюы Орталық Азияның барлық дерлік елінде байқалады. Мәселен, Тәжікстан азаматтары Ресейден 2015 жылы 1 млрд 278 млн доллар жолдаған, бұл алдыңғы жылдан 2.5 млрд долларға кем. Өзбекстан және Қырғызстаннан келген еңбек мигранттарының да жағдайы мәз емес. Былтыр өзбек мигранттары отанына 2.4 млрд доллар аударған, бір жыл бұрын Ресейден Өзбекстанға кеткен ақша аударымының жалпы сомасы 5 миллиард 581 миллион доллар болған.
Мамандар бұл жағдайдың бірінші кезекте ресейлік рубльдің шетелдік валюталарға қатысты бағамының төмендеуіне байланысты екенін айтады. Батыс елдерінің Ресейге салған санкцияларының әсерінен ел экономикасының дағдарысқа ұшырауы да салқынын тигізді. Оның үстіне, көші-қон талаптарының күшеюіне байланысты Ресейге Орталық Азия елдерінен келетін мигранттар саны күрт төмендеп кеткен.