Ссылки доступа

"Ермегияев ісі" сотында тілшілер жұмысына шектеу қоюға өтініш жасалды


"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев пен компанияның бұрынғы қызметкерлерінің үстінен өтіп жатқан сотта зардап шегуші ұлттық компанияның өкілі Мая Егимбаева тілшілердің фотоаппарат және видео камера пайдалануына шектеу қоюға өтініш жасады.

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының өкілі Мая Егимбаева бұл өтінішін "тілшілердің сот ісін жүргізуге кедергі келтіреді" деп түсіндірді.

Басты айыпталушы Талғат Ермегияев өтінішті қолдады. Қалған айыптаушылар мен олардың қорғаушылары және прокурорлар өтінішті қабылдау, я қабылдамауды соттың еркіне қалдырды. Сотты жүргізіп жатқан судья Әділхан Шайхисламов бұл өтінішке қатысты шешімін кейінірек шығаратынын мәлімдеп, сот ісін одан әрі жалғастырды.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, сот ғимаратына бүгін журналистерді ұялы телефонмен кіргізбеген. Тілшілердің ұялы телефондарын кіреберісте күзет қызметкері жинап алған. Ал сот залына тек фото мен видео түсіретін журналистер ғана жіберілген. Өзге хабар тарататын журналистерді монитор қойылған өзге бөлмеге кіргізген. Тілшілер монитордан тарайтын дауыс сапасының нашарлығын айтады.

Ермегияев "Астана ЭКСПО-2017" компаниясындағы қаржы жымқыру ісі аясында ұсталған. 2015 жылы маусымда компания басшысы қызметінен босатылған соң бірнеше күннен кейін қылмысқа күдікті ретінде ұсталып, сот шешімімен үйқамаққа алынған Талғат Ермегияевке тергеушілер "4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз иеленді" деген айып таққан.

"Астана ЭКСПО-2017" компаниясы Астанада 2017 жылы өткізу жоспарланған халықаралық көрмеге дайындықпен айналысады.


XS
SM
MD
LG