Ссылки доступа

Надежда Савченко өзін отанына қайтаруды талап етеді


Ресейде 22 жылға сотталған украиналық ұшқыш Надежда Савченко қайтадан құрғақ аштық жариялады. Бұл туралы бүгін оның адвокаты Марк Фейгин Twitter-де хабарлады. Савченко өзін Украинаға қайтаруды талап етеді.

22 наурызда Ростов облысының Донецк қалалық соты Савченконы 2014 жылы жазда Луганск түбінде екі ресейлік журналистің қаза табуына қатысы бар деп айыптап, 22 жылға соттаған. 5 сәуірде Савченкоға шыққан үкім күшіне енген.

Савченко өзіне тағылған барлық айыптан бас тартып, Ресей сотының үкімін мойындамайды. Ол үкімге шағымданудан бас тартқан.

Үкім шыққан соң Украина президенті Петр Порошенко Савченконы Донбастағы арнайы операцияда ұсталған ресейлік Александр Александров пен Евгений Ерофеевке айырбастауға дайын екенін білдірген.

Кремль украин ұшқышын айырбастауды "теориялық тұрғыда мүмкін" екенін айтып, бұл туралы шешімді тек президент Владимир Путин қабылдайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG