Ссылки доступа

Тәжікстан жезөкшелерді "түзу жолға" салмақшы


Тәжікстанда жеңіл жүрісті әйелдермен енді шенеуніктер, дәрігерлер және милиционерлер айналысады.

Курган-Тюбе қаласында тоқсанына үш рет жеңіл жүрісті әйелдерге арналған моральдық сабақтар өтеді. Шараны ұйымдастырушылар – Хатлон облысы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі басқарма. Сонымен бірге лекцияға милиция қызметкерлері, белсенділер, дәрігерлер мен облыстық кеңестің депутаттары да қатысады. Бірінші сабақ сәуір айының басында өткен. Адамгершілікке, тәрбиеге үйрететін дәрісті түнгі клубтарда рейд кезінде ұсталған отыз келіншекке оқыған.

Облыстық әйелдер ісі жөніндегі басқарма басшының орынбасары Кумринисо Сангалиеваның сөзінше, бұл қыз-келіншектердің жеңіл жолға түсіп кетуден алдын алу үшін жасалған шара. Былтыр күзде Ташкент парламенті жезөкшелікке салынған әйелдерге қарсы жазаны күшейткен: оларды енді 15 тәулікке дейін қамайды, 800-ден 1000 сомони ($125) көлемінде айыппұл төлейді.

Ал ежелгі кәсіптің өкілдері болса, билікке баламалы ұсыныс жасап отыр. "Ер азаматтар ажырасқаннан кейін, алимент төлемейді, балаларына көмектеспейді, сонда әйелдер енді не істейді? Осы жол ғана қалды. Мен жеңіл жүріске жұмыстың жоқтығынан түстім. Егер жақсы жұмыс тапсам, бұл кәсіпке жоламас едім", – дейді 35 жастағы Гүлсара.

Душанбеде тәндерін сататын әйелдер жөнінде нақты статистика жоқ. 2015 жылы АИВ/ЖИТС-ке қарсы күрес жөніндегі қор Тәжікстанда 14 мыңға жуық әйел жеңіл жүріске салынған деген. Алайда Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігі бұл санды негізсіз деп отыр.

XS
SM
MD
LG