Ссылки доступа

FH: Экономикалық тоқырау өзбек режиміне "қауіп" төндірді


Америкалық Freedom House ұйымы жаңа есебінде Өзбекстандағы экономикалық дағдарыс «тамырын тереңге жіберген диктатураға» қауіп төндіре бастағаны, нәтижесінде «азаматтарды бақылаудың күшейгені» туралы жазады.

Құжатта 2015 жылы өзбек мигранттарының отанына жолдайтын ақша аударымдарының 58 пайызға кемігені және 2016 жылы бұл үрдістің жалғасатыны туралы жазылған. Валюта айналымы мемлекеттің монополиясында болғандықтан, көптеген кәсіпорын банкроттыққа ұшырауы мүмкін.

Freedom House есебінің авторларының бірі, Нейт Шенкан Өзбекстан секілді авторитарлы мемлекеттер экономикалық дағдарыс кезінде экономикасының ашық болуын қамтамасыз етіп, реформалар жүргізуі керек деп санайды. Бұлай етпеген жағдайда, экономикадағы тоқырау биліктің өзіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Биылғы жылдың қаңтарында жарық көрген канадалық Heritage Foundation институты мен The Wall Street Journal басылымы жасаған экономикалық еркіндік рейтингінде Өзбекстан 178 орынның ішінде 160 орынға табан тіреді.

Freedom House құжатында сөз еркіндігінің жоқтығына, адамдарды мақта теріміне мәжбүрлеудің жалғасып жатқанына, жемқорлықтың асқынғанына және соттардың билікке тәуелділігіне, Өзбекстан түрмелерінде азаптаудың кең қолданылатынына баса мән берілген.


XS
SM
MD
LG