Ссылки доступа

Тәжікстан басшысының қызы сенатор болуы мүмкін


Тәжікстан президентінің Атқарушы аппаратының жетекшісі, ел басшысының қызы Озода Рахмонды Душанбе қаласының депутаттары ел парламентінің жоғарғы палатасы - Маджлиси Миллиге депутаттыққа үміткер ретінде ұсынды.

Бұл туралы Радио Озодиға дереккөздері хабарлаған. "Азия-Плюс" ақпарат агенттігі өз дереккөздеріне сүйене отырып, Озода Рахмоннан басқа ешкім үміткерлікке ұсынылмағанын жариялады.

Маджлиси Миллиге астаналық № 4 округі бойынша сайлау 29 мамырда қалалық мәжіліс пен астаналық төрт ауданның мәжілісі депутаттарының бірлескен отырысында өтеді. Бұған дейін бұл округтен президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі - Бахтиёр Худоёрзода сайланған. Ол қаңтар айының соңында сайлау мен ерферендум жөніндегі Орталық сайлау комссиясының төрағасы боп тағайындалғанына байланысты, сенаторлықтан босады.

38 жастағы Озода Рахмонның 5 баласы бар. Заң ғылымдарының кандидаты, 2005-2007 жылдары Тәжікстанның АҚШ-тағы елшілігінің мәдениет бөлімінде істеді, 2007-2009 жылдары Тәжікстан СІМ консулдық басқармасын басқарды, 2009-2014 жылдары Тәжікстан сыртқы істер министрінің орынбасары болды, 2014 жылдың 15 мамырынан бастап СІМ басшысының бірінші орынбасары боп тағайындалды. Биыл қаңтар айында Озода Рахмон Тәжікстан президентінің атқарушы аппаратының жетекшісі қызметіне ауысты.

Тәжік парламентінің жоғарғы палатасының мүшелері, төменгі палата депутаттары секілді тікелей дауыс беру жолымен сайланбайды. Сенаттың 33 мүшесінің 25-ін ТБАО, Соғды, Хатлон облыстары және осы облыстардың аудандары мен қалаларының, Душанбе мен оның аудандарының депутаттары бірлескен жиында құпия дауыс беру арқылы сайлайды. Қалған 8 сенаторды ел президенті тағайындайды. Тәжікстанның бірінші президенті - Каххор Махкамовқа Сенаттың өмірбақи мүшесі мәртебесі берілген.

XS
SM
MD
LG