Ссылки доступа

Бразилия парламенті президенттің отставкасы үшін дауыс берді


Дилму Русеф Бразилияның ірі мұнай компаниясынан ірі көлемде ақша шығару үшін жасалған коррупциялық жоспарға қатысы бар деп айыпталуда. Бразилия парламентінің төменгі палата депутаттары 68 жастағы елдің президенті Дилме Русефке импичмент жариялауды қолдап дауыс берді.

Бразилияның билік ететін партиясы дауыс беруде жеңілгендерін мойындады. Импичмент жариялау үшін 342 дауыс керек, ал президенттің отставкасын 367 депутат қолдаған. Тек 137 депутат қарсы болған.

Парламенттің төменгі палатасы мақұлағаннан кейін, импичмент туралы мәселені сенат қарайды. Дауыс беру мамыр айында өтеді. Егер сенаторлар да Русефті қолдаудан бас тартса, оны 180 күнге биліктен шеттетеді. Президенттің міндетін 75 жастағы вице-президент Мишель Темер атқарады.

Русефтің қарсыластары 2014 жылғы президент сайлауы қарсаңында (Русеф екінші мерзімге қайта сайланған) оны бюджеттің тапшылығын жасырды деп айыптайды. Ол сонымен бірге Бразилияның ең ірі Petrobras мұнай компаниясының ақша ұрлау схемасына қатысы бар деп айыпталады.

Әлеуметтік сұраудың нәтижесі бойынша, халықтың 60 пайызы Бразилияның бірінші әйел президентіне импичмент жариялауды қолдайды. Русеф үкіметі соңғы жылдары мемлекеттік шығынды ұлғайтып, Бразилия экономикасына протекционистік саясат жүргізді. Соның салдарынан ел экономикасының өсуі тоқтаған.

XS
SM
MD
LG