Ссылки доступа

TeliaSonera Гүлнара Каримованың кесірінен атын өзгертті


Осы аптада Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға пара берді деп күдіктелетін шведтің TeliaSonera телекоммуникациялық компаниясы атын өзгерту туралы шешім қабылдады.

Компания енді Telia Company деп аталады. 19 сәуірде өткен акционерлер жиналысында компанияның таза пайдасы 2016 жылдың бірінші ширек бөлігінде 4,9 пайызға кеміп кеткені белгілі болды.

Осы жиналыста компанияның Өзбекстандағы жемқорлық дауымен жаманатты болған TeliaSonera атауын өзгерту туралы шешім қабылданған. TeliaSonera атауы 2002 жылы екі ірі телекоммуникация компаниясы – шведтің Telia және финдік Soneraның бірігуінен туған.

Компанияға Өзбекстанның телекоммуникация нарығына кіру үшін 2007 жылы өзбек президентінің үлкен қызына 350 миллион АҚШ доллары көлемінде пара берді деген айып тағылған. Бұл дауды Швецияның, АҚШ, Голландия және Еуропаның бірқатар елінің тергеу орындары тергеуде.

«Азаттық» радиосына Швеция Бас прокуратурасының жемқорлықпен күрес жөніндегі Басқармасының бастығы Гуннар Стетлер Гүлнара Каримова мен TeliaSonera күдіктілер есебінде өтіп жатқан істің биылғы күзде сотқа өтуі мүмкін екенін мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG