Ссылки доступа

Қырғызстан: әнұран дінге кедергі ме?


Жалал-Абадта 22 сәуір күні мемлекеттік университет ғимаратында ислам және оның құндылығы деген тақырыпта конференция өткен. Шара басталар алдында әнұран орындалған. Алайда бастарына орамал таққан бірнеше қыздар орындарынан тұруға бас тартқан. Олар Құранда әнұранға құрмет көрсету деген жоқ деп жауап берген.

Бұл 16-17 жастағы қыздар Жалал-Абад қаласының "Айша-Садык" медіресесінде білім алады екен. Бұл оқу орнында тек исламның негіздері ғана пән ретінде өтеді екен.

Өзінің аты-жөнін құпия сақтағанды жөн көрген Ноокен ауданы "Нұр" әйелдер медіресесінің оқытушысы "Біз тек діни білім алдық. Медіресе тек ғана діни білім береді. Сол себептен ол қыздардың кінәсі жоқ" дейді.

Облыстық білім орталығының директоры Ақылбек Токтосунов бұл оқиғаға медіресенің басшыларын кінәлайды. "Медіресе діни білім берген күннің өзінде, олар әнұран, елтаңба, ту, және президент деген ұғымдарды білулері керек. Демек, медіреседе дипломы жоқ мамандар сабақ береді. Оларға ауылдық молдалар дәріс береді, бұл медіреселердің оқу бағдарламасын тексеру керек", - деді ол.

Жалал-Абад облысы бойынша 625 мешіт бар. Олардың 547-сі ресми тіркелген. Аймақта 190 намазхан мен алты медіресе бар. Онда 830 адам оқиды екен.

XS
SM
MD
LG