Ссылки доступа

Назарбаев жер дауындағы "арандатушыларды" жазалауды бұйырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер сату мәселесін айналдырып жүрген "арандатушылар" әшкереленіп, жазасын алуы тиіс деп мәлімдеді. Президент бұл мәлімдемені жер сатуға қарсы Атырауда биліктің рұқсатынсыз өткен митингтен соң жасады.

Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» деген ұранмен өткен 24-ші сессиясындағы баяндамасында айтқан Назарбаев кімдердің «арандатушы» деп танылатынын нақтыламады.

«Соңғы уақытта шетелдіктерге Қазақстанның жері сатылмақ деген жалған ақпараттардың үздіксіз жариялануынан жер мәселесіне қатты назар аударылып отыр. Бірнеше мәрте түсіндірілді, мен де бұл шындыққа сәйкес келмейтіндігін айттым. Тағы да бір мәрте айтқым келеді, ауыл шарушылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен компанияларға сату туралы мәселе тұрған жоқ және талқыланбайды да. Бұл тақырыптағы алып-қашпа сөздер негізсіз. Арандатушылар әшкереленіп, ел заңына сәйкес жазалануы тиіс», – деді Назарбаев.

Назарбаев жер сатуға және ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беруге жер мәселесінен хабарсыз адамдар қарсы шығуда деп санайды.

«Алаңға шығып шу шығарып жүргендер трактордан не болмаса аттан түсіп жетіп келгендер емес. Олардың ауыл шаруашылығы жайында түсінігі де жоқ, бұл жерлердің қайда екенін де білмейді», – деді президент.

Дегенмен ол 24 көкекте Атырауда өткен бұқаралық митинг пен онда қойылған талаптар туралы тіс жармады.

XS
SM
MD
LG