Ресейдің 27 көкекте берілген өтінішін қауіпсіздік кеңесінің 15 елдің өкілінен тұратын ИМ және «әл-Қаида» жөніндегі комитеті қолдаса 11 мамырда күшіне енеді. Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Виталий Чуркин: «Бұған Сирияда соғысып жатқан осы ұйымдардың террорлық ұйымдармен, оның ішінде ДАИШ (ИМ) және «әл-Қаидамен» тығыз байланысы туралы деректердің көп болуы себеп болды», — деп мәлімдеді.
БҰҰ жанындағы Вашингтон миссиясы бұл Сириядағы соғыс қимылдарын тоқтатуға бағытталған әрекеттерді әлсіретуі мүмкін деп санап, бұл ұйымдарды «қара тізімге» қосудан аулақ болуға кеңес берді.
Америкалық миссияның өкілі Эдгар Васкез:«“Джейш әл-Ислам” және “Ахрар әл-Шам” секілді соғыс қимылдарын тоқтату ережесіне мойынұсынған екі топты тізімге қосу жергілікті жердегі шиеленісті басуға бағытталған әрекеттеріміз бен оқ атуды тоқтату бойынша қимылдарға орны толмас зардап әкеледі», — деп мәлімдеді.
Виталий Чуркин бұл топтардың бітімгерлікті сақтап отырғанына және Женевадағы бейбіт келісімдерге үлес қосып жатқандарына күмән келтірді. Бұл топтар «қара тізімге» енгізілген жағдайда оларға қатысты оқ атпау тәртібі жүрмейді және олар бейбіт келіссөздерге қатыса алмайды.