Ссылки доступа

Ақтауда алаңға шыққандардан түсініктеме алынған


Ақтауда 28 көкекте биліктің ауыл шаруашылығы жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беру жоспарына қарсы митинг өткізу үшін орталық алаңға жиналғандардан полиция жауап алғаны туралы белгілі болды.

Белсенді Шынар Қиянова Азаттыққа өзін жергілікті тұрғындар Алуаш Оңғарова мен Дәулет Лепеспен бірге полиция бөліміне "жауап алуға" әкелгені туралы хабарлады. Оның сөзінше, тәртіп сақшылары алаңнан бір топ адамды алып кеткен. Есен Өмірзақ есімді Ақтау тұрғыны полицияның 50 шақты адамды ұстағанын мәлімдеді. Ол бәрінен түсініктеме алынғанын баяндады.

Митингке қатысушыларды не үшін ұстағандары туралы сұраққа Ақтау қалалық ішкі істер департаментіндегілер бастықтары Болатбек Ақшауовтың демалыста екенін, ал орынбасары мтингке байланысты жиналыс жасап жатқанын айтып жауап берді.

Ақтау қаласының орталығына жерді сату мен жалға беруге қатысты Жер кодексіне енген түзетулерді алып тастауды талап етіп, ондаған адам шықты. Мұндай талапты 24 көкекте Атырауда, 27 көкекте Ақтөбе мен Семейде өткен бұқаралық митингке қатысушылар да қойған болатын.

XS
SM
MD
LG