Оның сөзінше, сыртқы жаулардан бөлек, мұндай арандатушылық Мәскеумен байланысы бар жергілікті "жемқорлар мен мафия өкілдеріне" де қажет. Саакашвили украин саясаткерлерін 2014 жылдың 2 мамырында болған қайғылы оқиғалардың жылдығын саяси мақсатта қолданбауға шақырды. "Біз бұған тыйым сала алмаймыз: бізде сөз бостандығы бар. Бірақ бұл олардың ар-ұятына қалатын іс", – деді губернатор.
Өңір басшысы құқық қорғау қызметкерлеріне қақтығыс туған жағдайда оқ атуға бұйрық берілгенін жоққа шығарды. Саакашвили тәртіп сақшыларының қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде "шектен шықпайтынын" және арандатушылықтарға қарсы заңды тәсілдермен күресетінін мәлімдеді.
2014 жылдың 2 мамырында Одессада "Украинаның бірлігі үшін" шеруіне қатысушылар мен Майданға қарсы азаматтар арасында қақтығыс болды. Тәртіпсіздіктер кезінде кәсіподақтар Үйінде өрт шығып, қырықтан астам адам қаза тапты.