Ссылки доступа

Қазақстан:жер мәселесіне наразылық танытқан тағы бір адамға айыппұл салынды


Өткен аптада «жер мәселесі бойынша» жалғыз пикет өткізгені үшін полиция ұстаған Орал қаласының 50 жастағы тұрғыны Бауыржан Әліпқалиевке айыппұл салынды.

Бүгін Орал қалалық әкімшілік сотының судьясы Роза Сариева Бауыржан Әліпқалиевке 42 420 теңге көлемінде айыппұл салды. Азаматтық белсенді сот шешімімен келіспейді.

Орал тұрғыны 29 көкекте қаланың орталығында жер мәселесіне байланысты жалғыз өзі қарсылық танытпақ болғанда ұсталған.

Өткен айдың соңында Қазақстанның бірқатар қаласында биліктің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аукцион арқылы сатуды және шетелдіктерге жерді жалға беруді қарастырған жоспарына қарсы рұқсат етілмеген жаппай митингтер мен жеке адамдардың пикеті өтті. Көп халық жиналған шерулер Атырау, Ақтөбе, Семей қалаларында болды. Бірнеше қалада жер мәселесіне наразылық білдірген топты полиция қудалап, адамдарға қарсылық шарасын өткізуге мүмкіндік бермеді.

Бұқаралық шаралар өткен соң, бірқатар белсендіге айыппұл салынды, ал кейбірін полиция жауап алуға шақыра бастады.

XS
SM
MD
LG