Ссылки доступа

АҚШ соты Гүлнәр Каримованың ісін қарауды уақытша тоқтатты


Нью-Йорктің Оңтүстік округінің федералды соты америкалық прокуратураның Гүлнәр Каримова мен оның жақындарына тиесілі деп саналатын 850 миллион долларды тәркілеу туралы талабына қатысты істі уақытша тоқтатты.

Соттың бұлай шешуіне АҚШ пен Өзбекстан биліктерінің өтініші себеп болған. Вашингтон мен Ташкент бұғатталған есепшоттардағы миллиондаған доллар ақшаның тағдырына байланысты сотсыз келісімге келуді ұйғарған.

850 миллион АҚШ долларының 550 миллионы Швейцариядағы есепшотта, 300 миллион доллар АҚШ, Ирландия, Люксембург және Бельгиядағы бұғау салынған есепшоттарда жатыр және олар Ислам Каримовтың үлкен қызына тиесілі деп саналады.

Ақшаны қайтару үшін өзбек билігі америкалық Holwell Shuster&Goldberg адвокаттық компаниясын жалдаған, оның заңгерлері Нью-Йорк сотының судьясы Эндрю Картерге Өзбекстан әділет министрінің қолы қойылған хатты табыс еткен.

Хатта америкалық тарап бұғау салған шетелдік есепшоттардағы 500 миллион АҚШ долларынан астам қаржы Өзбекстанға тиесілі деп көрсетілген және бұл ел жекелеген кәсіпкерлердің қылмыстық әрекетінің құрбаны болғаны туралы жазылған. Алайда хатта Гүлнәр Каримованың аты аталмайды.

XS
SM
MD
LG