Ссылки доступа

Facebook'те жала жабу айыбы расталмады


Павлодар қалалық сотының судьясы Думан Серікбаев жергілікті журналист, жала жапты деп айыпталған Александр Барановты толықтай ақтады. Cот айыптаушы тараптың Барановтан адвокат жалдауға кеткен шығынын өтеп беру туралы талабын да қанағаттандырмады.

Барановтың адвокаты талапкердің қолындағы скриншоттардың қолдан жасалмағанын растайтын заңды дәлелдер келтіруді талап етіп, Facebook желісіндегі посттың скриншоттары заң тұрғысынан алғанда қисынды дәлел деп танылмайтынын мәлімдеді.

Барановқа қатысты қылмыстық іс "Нефтехим LTD" компаниясының бұрынғы жетекшісі Ерлан Құсановтың жеке шағымы бойынша қозғалған. Құсанов Барановты қылмыстық кодекстің "жала жабу" бабы бойынша қылмыс жасады деп, одан азаматтық шағым бойынша "моральдық шығын" ретінде 10 миллион теңге өндіріп беруді талап еткен.

– Кейін өкініп қалмас үшін жайсыз үкімге дайныдалдым. Өзгеше үкім шығарар деп жүр едім, бірақ істің бұлай болып шыққанына қуаныштымын. Меніңше, судья әділ әрі заң тұрғысынан дұрыс шешім шығарды, өйткені ешқандай қисынды, нанымды дәлел мүлде болған жоқ, – деді журналист Александр Баранов сот шешімінен кейін.

XS
SM
MD
LG