Ссылки доступа

Тәжікстанда оппозициялық партия лидерлеріне өмірбақи түрме жазасын сұрайды


Душанбе сотында Тәжікстандағы Исламның жаңаруы партиясының 13 белсендісіне қатысты істе прокурор төрт айыпталушыға өмірбақи түрме жазасын сұрады.

Жабық есік жағдайында өтіп жатқан Тәжікстанда тыйым салынған Исламның жаңаруы партиясының белсенділеріне қатысты сот ісінде мемлекеттік айыптаушы төрт айыпталушының кінәләрі толықтай дәлелденді деп мәлімдеді. Ал қалған партия лидерлерін сегіз жылдан 23 жылға дейін бас бостандықтарынан айыруды сұрады. Бүгін сотта адвокаттар мен айыпталушылар сөз сөйлейді.

Еске сала кетейік, Тәжікстандағы Исламның жаңаруы партиясының 13 лидері 2015 жылдың 16–17 қыркүйегінде генерал Абдухалим Назарзодаға қарсы арнайы операция аяқталғаннан кейін ұсталған болатын. Тәжікстан билігі аталған партияны елде төңкеріс жасамақшы болды деп айыптайды.

Тәжікстанның Жоғарғы соты 29 қыркүйекте Исламның жаңаруы партиясына тыйым салып, террористік және экстремистік ұйымдардың қатарына қосты. Партияның жетекшісі, шетелде қашып жүрген Мухиддин Кабири бұл айыптардың саяси астары бар дейді.

XS
SM
MD
LG