Ссылки доступа

Астанадағы жиында Назарбаев "бірлікке" шақырды


Ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілік етуімен өткен жиында ол жер реформасы жөніндегі комиссия "жер туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі үйлесімді ұстанымдарын әзірлеуге тиіс" деді. Бұл жөнінде Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Twitter парақшасына жазады.

– Мен жер туралы заңнаманың бірқатар ережелерінің іске асырылуын тоқтату туралы жарлыққа қол қойдым. Тиісті комиссия құрылып, өз жұмысын бастады. Оның алғашқы отырысы зор резонанс тудырды. Комиссия мүшелері жер туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі үйлесімді ұстанымдарын әзірлеуге тиіс. Жер үшін шынымен жаны ауыратындардың бәрі өз сөзін айтуы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Назарбаев бұл комиссияны құру жөнінде елде "жер мәселесіне қатысты" жаппай митингтер өткеннен кейін бұйрық берді. Жиын барысында Назарбаев сонымен бірге Астана, Алматы және барлық облыс әкімдерін жер реформасына қатысты түсіндірме жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.

Үстіміздегі жылдың 6 мамырынан бастап 2017 жылға дейін Жер кодексінің бірқатар баптарына мораторий енгізілді. Ондағы ауыл шаруашылығына қолайлы жерлерді шетелдіктерге ұзақ уақытқа жалға беру туралы баптар халықтың жаппай наразылығын туғызып, митингтерге шығуына әкелді.

Сонымен бірге аталған жиында Назарбаев қиын мәселені конструктивті диалог арқылы шешуге болатынын айтып, елді бірлікке шақырды.

Бұл уақытта Қазақстанның бірқатар аймақтарында азаматтық белсенділерді "жер мәселесіне қатысты" рұқсат етілмеген митингке қатысты айыптап, қамап жатыр.

XS
SM
MD
LG