Ссылки доступа

Миллиардер Алишер Усманов 600 миллион долларға яхта сатып алған


Тегі өзбек ресейлік мультимиллиардер ұзындығы 156 метр болатын, 120 адам сиятын кеме сатып алды. Бизнесмен сатып алған суперяхтаны Канн кинофестивалі кезінде таныстарына көрсетті.

Кемеде бассейн, тікұшақ қонатын алаң, спорт және түскі ас залы, люкс бөлмелер және соңғы замануи техникалар орналастырылған. Оған қызмет көрсететін 40 адам, 80 адамдық экипаж және 120 қонақ күтуге болады. Кемеде қызмет көрсетушілер тәулігіне 24 сағат бойында жұмыс істейді.

Кеме әлемдегі ең қымбат, үлкен яхталардың ішінде 4-орын алады. Бұл кеме алдымен "Omar" деген атпен суға жіберілген, кейін Усманов оны анасының құрметіне "Dilbar" деп өзгертіп алған. Кеме іскер кездесулер үшін және отбасылық демалысқа арналған. Мұнай және металлургия саласындағы кәсібі арқылы мультимиллиардер атанған өзбек кәсіпкерінің ең алғашқы 110 метрлік яхтасы да "Dilbar" деп аталған. Fleetmon сайтының дерегі бойынша, кәсіпкердің алдыңғы кемесі "ONA" деп өзгертілген, оған иелік етуші Монте-Карлода тұрады екен.

2013 жылы Алишер Усманов Apple компаниясының акциясын шамамен 100 миллион АҚШ долларына сатып алған. Ол Mail.ru, Odnoklassniki.ru, Vkontakte.ru әлеуметтік желілерінің қожайыны. Усманов компаниясы Digital Sky Technologies және "Мегафон" акцияларына да иелік етеді. Ол сонымен бірге 33 аймақтық телеарна, 7ТВ және Муз-ТВ федералды арналар кіретін ресейлік ірі медиахолдингтің қожайындарының бірі. Усмановтың қарамағына Коммерсантъ баспа үйі де кіреді.

Алишер Усмановтың дәулеті 13,4 миллиард долларға бағаланады.

XS
SM
MD
LG