Ссылки доступа

Эрдоган: босқындар жөнінде келісім бұзылуы мүмкін


Түркия президенті Реджеп Тайип Эрдоган визаға қатысты мәселе дұрыс шешілмесе, Еуропалық одақпен босқындар жөніндегі келісімді бұзатынын мәлімдеді.

Стамбұлда өтіп жатқан БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер жөніндегі саммитте сөйлеген сөзінде ол: "Егер виза мәселесінде либерализация болмаса, онда Түркия парламенті бірқатар миссияға қатысты ешқандай заң, ешқандай шешім қабылдамайды",-деді. Эрдоган түрік министрлері еуропалықтармен келіссөздерді жалғастырып жатқанын атап өтті. Ол "егер олар қандай да бір шешімге келсе, тіптен тамаша, егер келмесе, маған өкінішті",- деді. Мұнан басқа Эрдоган Анкараның Еуроодақтан босқындар келісімі аясында әлі ешқандай қаржылық көмек алмағанын айтты.

18 наурызда қабылданған шешімге сәйкес, Еуропаға заңсыз келген босқындар қайтадан Түркияға жіберілуі тиіс. Сонымен бірге Брюссель босқындар мәселесін шешу үшін Анкараға 6 млрд еуро бөлуі тиіс.

Келісім 1 маусымнан бастап жүзеге асуы керек. Келісімнің тағы бір бөлігінде Еуроодақ елдеріне Түркия азаматтары үшін 2016 жылдың шілдесінен бастап визасыз жүйе енетіні айтылған. Бұл үшін түрік билігі Еурокомиссия қойып отырған 72 шартты орындауға міндетті.

XS
SM
MD
LG