Ссылки доступа

Астанада "Таблиғи жамағат" мүшесі тоғыз айға сотталды


Қазақстанда тыйым салынған "Таблиғи Жамағат" діни ұйымына қатысы бар деп айыпталған Астана қаласының тұрғыны Мұрат Такаумов тоғыз айға сотталды.

Судья Біржан Төрегелдиев Такаумовты айыпты деп танып, тергеу ісінде қылмысы дәлелденетін, ҰҚК қоймасында сақталып келген, жойылуға жататын дискілер, бейнетаспа секілді дәлелді заттардың болғанын айтады. Ол жазасын қоныстандыру колониясында өтейді. Сонымен қатар Такаумовтан сот-сараптама шығындары ретінде 31 мың теңге өндіріп алынбақ.

Такаумов сотта өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, үкіммен келіспейтінін мәлімдеді. Оның анасы сот үкіміне апелляциялық шағым беретіндерін айтты.

Такаумов 2015 жылдың 18 қарашасында Қазақстанда тыйым салынған "Таблиғи жамағат" діни ұйымына мүше болды деген күдікпен ұсталған. Ол ұсталғаннан бері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отыр.

Астана соты 2013 жылдың ақпанында "Таблиғи жамағат" діни ұйымын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Ел билігі "Таблиғи жамағат" ұйымының басты мақсаты Орталық Азия территориясында халифат құру деп санайды. 2013 жылдан бері елде ондаған адам осы ұйымға мүше болды деген айыппен сотталған.

XS
SM
MD
LG