Ресми билік әзірге Исхок Табаровтың өлімінің себебін жарияламады. Алайда туыстары соңғы екі айда оның демікпе ауруымен ауырып, 20 келіге арықтап кеткенін айтады.
Орталық Азия жаңалықтар қызметінің мәліметінше, Исхок Табаров бірнеше күн бұрын ғана ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер кеселінің диагнозын анықтай алмаған.
Исхок Табаровтың екі ұлы түрмеде отыр. Олар халықты конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге шақырды деп сотталған. Марқұмның өзі ұлдарының қамауға алынуын өзінің бұрынғы министр Зайд Саидовқа адвокат болған қызметімен байланыстырған. Саидовтың екі адвокаты Шухрат Кудратов пен Фахриддин Зокиров те әртүрлі қылмыстар жасады деген айыппен түрмеде отыр.
Олардың бәрі де Зайд Саидов "Жаңа Тәжікстан" деп аталатын партия құратыны туралы мәлімдегеннен кейін, биліктің қаһарына ұшырағанын айтқан. Партия ресми түрде тіркелмеген. Ал экс-министр Саидовтің өзі 29 жылға сотталып, мүліктерінің барлығы тәркілгенген.