Ссылки доступа

Тәжікстандықтар әскерге бармаудың жаңа тәсілін ойлап тапқан


Лахш ауданы әскери комиссариатының мәліметінше, ауылдың 80 пайыз жастары, яғни 1200 жас Қырғызстан азаматтығын алған. Бұл сан әскерге шақыру қағазын тарату кезінде белгілі болған. Аудандық әскери комиссариат басшысы Шаъбон Шарифовтың сөзінше, шақыру қағазы әлі бәріне жеткен жоқ. Сол себептен қырғыз азаматтығын алған жастардың саны екі мыңнан асуы мүмкін. "Бұл өте қиын мәселе, біз мұндай тенденцияға алаңдап отырмыз", -дейді ол.

"Біз үй-үйді аралап шақыру қағазын таратып жүргенде, олар бірден қырғыз паспортын көрсетеді. Кашшот жамоатында 2800 этникалық қырғыз тұрады. Олардың ішінен тек бір тәжік отбасын ғана таптық. Отбасында бес ұл бар екен. Оның төртеуі әскери қызметтерін өтеп келген. Бұл жамоатта тұратын қырғыз диаспорасының бәрінде көрші елдің паспорты бар. Тәжікстан азаматтарын шаммен іздеп таппайсың", - дейді Шарифов.

Ол сонымен бірге Қырғызстан азаматтығын алған әскер жасындағы ер азаматтар құжаттарының бәрін көрші елге өткізу керектігін, бірақ олай етпегендіктен, Тәжікстан тарапынан әскерге шақырылатынын айтады. "Тіптен Қырғызстаннан біздің азаматтарды неге мазалайсыңдар деген мазмұнда хат келеді. Мәселе өте қиын. Тіптен кейбір ұйымның басшылары өздері Тәжікстан азаматтары, бірақ балалары Қырғызстан паспортын алған", - дейді Шарифов.

Лахш тұрғындарының сөздеріне қарағанда, қырғыз паспортын алушылардың ішінде тәжік азаматтары да бар. Аты-жөнін жасырған тұрғынның бірі Қырғызстан азаматтығын көбінде әскер жастағы ерлердің алатынын айтады. Ал олардың балалары мен әйелдері Тәжікстан азаматтары болып қала береді екен.

Сарапшылардың пікірінше, Лахш тұрғындарының Қырғызстан азаматтығын алуға ұмтылатын тенденция тәуелсіздік жылдарынан кейін пайда болған. Ресми емес мәлімет бойынша, Лахштың шамамен 20 мың тұрғыны Қырғызстан азаматы болып саналады.

XS
SM
MD
LG