Ссылки доступа

АҚШ конгресінде демократтар еденге отырып ереуілдеді


АҚШ конгресінің Демократиялық партия атынан палата мүшелері сәрсенбі күні жұмыс орындарында ереуілдеп, бір түн бойында кеңселерінде қалуды көздеп, қару-жарақ сатуды шектеу туралы заң жобасын дауысқа салуды талап етті.

Олар Республикашыл партия өкілдерінің басым дауысымен заң жобасының дауысқа салынбай қалуына наразы. Демократтар сәрсенбі күні таңертең толық құрамда жалпы отырыс залында келіп, еденге жайғасып, палата спикері республикашыл Пол Райаннан заң жобасын дауысқа салуды талап етті.

Олар ережеге бағынудан бас тартып, Райанға күн тәртібіндегі басқа мәселелер бойынша дауысқа салуға мүмкіндік бермеді. Наразылықтың мұндай өзгеше түрін 1960 жылдардағы афроамерикалықтардың теңдігі жөніндегі күрестің ардагері, 76 жастағы конгрессмен Джон Льюис басқарды.

Демократтар бұл заң жобасы қабылданса, арнайы қызметтің тізімінде террористік және экстремистік топтармен байланысы бар деген күдікті адамдарға қару-жарақ сатуға тыйым салынар еді дейді. Республикашылдар болса, бұл тізімге кездейсоқ адамдар да еніп кетуі мүмкін. Ал бұл заңды құрметтейтін америкалықтардың құқығын бұзады дейді.

Заң шығарушылардың наразылығын белді, танымал демократтар қолдады. Олардың ішінде қазіргі президент Барак Обама мен экс-президент Билл Клинтон да бар. Республикашылдар болса, ереуілді саяси қулық деп бағалап отыр.

XS
SM
MD
LG