Ссылки доступа

Тәжікстанда мыңдаған адамды ақысыз демалысқа жіберді


Тәжікстан статистика жөніндегі агенттігінің зерттеуі бойынша, осы жылдың алғашқы үш айында 5 мың 400 адам ақысыз демалысқа шығарылған. 32 жастағы Тахмина Шодиева жеті ай бұрын республикадағы коммерциялық банктердің бірінде жұмыс істейтін, бірақ басшылық оны мәжбүрлі демалысқа жіберіп, өтемақысын төлеп бермей қойған.

Банк басшылығы мекемеде жағдай біршама жақсарған уақытта оны қайта жұмысқа алуға уәде берген, сол себепті Тахмина, дәл осындай жағдайға тап болған басқа да әріптестері секілді, өтемақы талап етуден бас тартқан. Бірақ Тәжікстанның Еңбек кодексі бойынша, айлықсыз мәжбүрлі демалысқа шығарған жағдайда, жұмысшы басқа жұмысқа тұрғанша немесе бұрынғы орнына қайта орналасқанша, жұмыс беруші оның айлығын толықтай немесе жартылай өтеуі тиіс.

Заңгер Лутфулло Салиховтың айтуынша, елдегі көптеген мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындар жұмыстан шығарғанда немесе мәжбүрлі демалысқа ақысыз жібергенде, жұмысшының мүддесіне сай келе бермейтін ішкі келісім-шартқа сүйенеді.

Бұл уақытта, Тәжікстанда жұмыссыздар саны өсіп келеді. Статистика агенттінің мәліметі бойынша, елде ресми түрде шамамен 55 мың жұмыссыз ресми тіркеуде тұр. Сарапшылар республикада жұмыссыздар одан әлдеқайда көп деп топшылайды.


XS
SM
MD
LG